Апалы-сіңлілі қыздар полиция қорғауына алынды
Алматы облысында әкесінің тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған апалы-сіңлілер полицияның қорғауына алынды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
28 мамыр күні 2001 жылғы Ц. және 2003 жылғы Ц. өтініші бойынша Еңбекшіқазақ ауданы полициясында ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі (сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша екі қылмыстық іс тіркелді.
Жүргізілген тергеу мен жедел-іздестіру кезінде жәбірленушілердің әкесі - 57 жастағы күдікті Ц. есімді азамат анықталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс фигурантының қатысуымен аса ауыр қылмыс жасалған мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Тиісті сараптама тағайындалды.
Жәбірленуші қыздар сотқа дейінгі тергеу кезінде полицейлердің қорғауына алынды.
Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Тергеу барысы облыс полиция департаменті бастығының бақылауында.