×

Президент сайлауда жеңіске жеткен Ердоғанды Қазақстанға шақырды

Қос тарап стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті

 Дәурен Ерболат 29.05.2023 | 17:47
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ердоғанды президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында өткен президент сайлауындағы Режеп Тайып Ердоғанның айқын жеңісі оның Түркияны дамытуға қосқан зор үлесі мен қоғамдағы биік беделінің нәтижесі екенін атап өтті. Президент бауырлас қос мемлекеттің сан ғасырлық ортақ тарихы мен мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын атап өтіп, Түркиямен арадағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентін биыл күзде түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтетін түркі мемлекеттері ұйымының 10-мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырды.

Режеп Тайып Ердоған мемлекет басшысына алғыс айтып, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама