×

Бақыт Сұлтанов «Даму» қоры директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды

Бұған дейін Қордың директорлар кеңесінің төрағасы қызметін Әлихан Смайылов атқарған

 Қымбат Елтайқызы 20.04.2022 | 11:11
Бақыт Сұлтанов, фото: sputnik.kz

Премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып қайта сайланды. Бұл туралы хабарлама Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтында жарияланды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі шешімімен Б.Сұлтанов қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланғаны туралы биржаға хабарлайды. Онда енгізілген өзгерістер ескеріліп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры« АҚ директорлар кеңесі жеті адамнан тұратыны да мәлімделген. Олардың қатарында Б.Сұлтанов, Е.Бахмутова, Р.Баталов, А.Нұрғалиева, Т.Жаксылықов, А.Мұхамеджанов, Г.Бөрібаева бар.

Еске салайық, премьер-министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов биыл 4 ақпанда қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған. Содан кейін кеңес 8 адамнан тұрған болатын.

Одан бөлек, Бақыт Сұлтанов - Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінде Қазақстанның өкілі.

Бақыт Сұлтанов 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша, ал 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдады.

2019 жылдың 17 маусымында Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап вице-премьер міндетін қоса атқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама