×

Мемлекеттен қолдауға ие болған бизнес ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге тиіс – Смайылов

Қазақстандық компаниялар өңдеу өнеркәсібінде өндірісті тағы $46 млрд-қа арттыруға қабілетті

 Динара Амантай 27.05.2023 | 10:10
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесуді одан әрі жалғастырып, саладағы проблемалық мәселелер мен мемлекеттік қолдау шараларын талқылады, деп хабарлады Halyq Uni.

Кеше өткен жиынға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ішкі резервтер есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті $46 млрд-қа ұлғайтуға болатынын, сонымен бірге Қазақстан макроөңір нарығына қосымша жалпы құны шамамен $300 млрд құрайтын өнім жеткізуге әлеуеті бар екенін хабарлады. Отандық өндірісті дамыту мүмкіндігі жоғары негізгі бағыттардың қатарында мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік және тыңайтқыштар шығару, болат өнімдерін, алюминий және мыс салаларының тауарларын өндіру, темір рудасын, мақта талшығын, жүн, былғары өңдеу және басқалар бар.

Тікелей мемлекеттік ынталандыру шарасы аясында биыл 500 млрд теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды, оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму банкінің желісі арқылы қаржыландыру жоспарланып отыр.

Кездесуге қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну, субсидиялаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өндірісті жаңғырту және автоматтандыру, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, жер ресурстарының қолжетімділігі, шағын өнеркәсіп аймақтарын дамыту, өндірістегі отандық үлесті арттыру, экспортты қолдау, жосықсыз бәсекемен күрес және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

«Еңбек», «Қазақстанның жылыжай технологиялары», «СНН», «Turkey PVL», «Радуга», «Asyl Farms», «Адал-Агро», «Asyl Farms», «TEHNOPARK KZ» және т. б. компаниялардың басшылары сөз сөйледі.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары көтерілген тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі түсініктемелер берді. Атап айтқанда, кездесу барысында бірнеше түйткілді мәселені шешу жолдары айқындалды, қалғандары бойынша премьер-министр уәкілетті ведомстволарға тиісті пысықтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Әлихан Смайылов Үкімет орта бизнестің жаңа өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Мұндағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары қатарында өндірістегі отандық үлесті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, терең өңдеу технологиясына негізделген бәсекеге қабілетті өнім жасау, заманауи инфрақұрылымды дамыту бар.

Ол үшін өндіріс циклінің барлық кезеңінде яғни, шикізат базасынан бастап дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға дейін қолдау көрсетіледі, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы биыл индустрияландыру желісі бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға 170 жобаны, АӨК-те жалпы құны 540 млрд теңге болатын 300 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар салықтық және кедендік артықшылықтар тізбесі, оның ішінде дайын өнімді экспорттаушылар үшін кеңейтілуде. Жергілікті деңгейде жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу және әкімдіктердің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі.

Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды бағыт екенін атап өтті. 

Мемлекеттен қолдауға ие болған бизнес субъектілері өз өндірісін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім шығару көрсеткішінің өсуін қамтамасыз етуге тиіс. Мұнда ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге басымдық беру керек. Әрбір жоба бойынша нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізу керек, бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосады, — деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама