«Алданып қалдық»: Павлодарға көшіп келген қандастар кері қайтпақ
Атажұртқа оралған 13 отбасы шенділердің сөзіне алданғанын айтып отыр
Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентіне Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан 13 отбасы қоныс аударған. Сол кезде қандастарды қарсы алған жергілікті әкімдік әрқайсына бір-бір баспана берген. Әуел баста «айына азын-аулақ қаражатқа жалдап тұрасыздар, кейін тегін жекешелендіріп береміз» деп уәде еткен. Енді атқарушы билік арада бес жыл өткен соң баспананы ресми түрде жекеге рәсімдеу үшін әр отбасы шамамен 6 миллион теңгеден беруі керек деп отыр. Қандастардың жанайқайын Halyq Uni тілшісі тыңдап қайтты.
Атажұртқа Қытайдан көшіп келген Айбын Құрман жаңа қоныс ретінде облыс орталығына жақын әрі мал шаруашылығына жайлы болсын деп Ленин кентін таңдаған. Ол басқа да қандастар сияқты бес жыл бойы әкімдік берген үйді айына 6 мың теңгеге жалдап тұрған. Енді ол баспанасынан айырылып қалуы мүмкін.
«Алғаш көшіп келгенде әкімдік үй беріп, «бес жылдан кейін өздеріңе жекешелендіріп береміз» деді. Сол үшін қандастарға төленетін квотамызды бермей алып қалды. «Жарайды, квота берілмесе де үйіміз бар ғой» деп келіскен едік. Енді үйді жекешелендіру үшін жауапты мекеме өкілдері 5 миллион 856 мың теңге ақша сұрап отыр», - дейді Құрман.
2013 жылы Ленин кентінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 60 үй бой көтеріп, шеттен келген қандастарға берілді. Бірақ көп ұзамай сапасыз салынған үйдің қабырғасы жарылып, едені опырылып қалған. Ашуланған ағайын сол кезде үдере көшіп кеткен. Төрт жыл қаңырап бос тұрған баспаналарға 2017 жылы басқа қандастар қоныстанды. Солардың бірі – Орал Нәбиұлы. Ол «әйтеуір өзімізде қалатын үй ғой» деп, берілген баспанаға 1,5 миллион теңге жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргізген.
«Қазақстанға, оның ішінде Павлодарға қоныс аударған кезде қолымда азын-аулақ қаражатым бар еді. Соның бәрін осы үйді жөндеуге жұмсадым. Біз алғаш көшіп келгенде әкімдіктегілер қандастарға үй беретін арнайы мемлекеттік бағдарлама барын, соның аясында осы үйді беріп жатқанын айтты. Сол сөзіне алданып қалдық», - дейді Нәбиұлы.
Қазір жауапты орган өкілдері баспананың тегін берілмейтінін алға тартып отыр. Қандастар тек несиеге ала алады, дейді шенділер.
«Мемлекет тарапынан ұсынылған баспананы 5 жылдан кейін жекешелендіру үшін оның жалпы құнының 30%-ы алғашқы жарна ретінде төлеуі керек. Қалған 70%-ын 10 жылда пайызсыз бөліп төлей алады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес 10 санатқа кіретін азаматтар мұндай үйді тегін аудара алады. Өкінішке қарай шет елден оралған қандастар бұл санатқа кірмейді», - дейді Павлодар қаласы жұмыспен қамту бөлімінің өкілі Аманбек Ұнатұлы.
Кезінде сапасыз салынған әр үйдің құны қазір 5 миллион 856 мың теңгеге бағаланып отыр. «Алданып қалдық» деген қандастар енді бұл жерде тұрғысы келмейтінін айтады. Олар әкімдіктен баспананы жөндеуге және қосалқы құрылысқа жұмсаған қаражатын қайтарып беруін талап етіп отыр. Қандастар басқа облысқа қоныс аудармақ, елден қайта көшіп кету де ойында бар.