Түркістан облысында токқа түскен 10 жасар бала бір аяғынан айырылды
Тамырларын күйдіріп жіберген соң дәрігерлер амалсыздан ампутация жасаған
Түркістан облысында 10 жасар бала токқа түсіп, бір аяғынан айырылды. Шанақ ауылында тұратын Бейбарыс қосалқы станцияға ішінде жайылып жүрген есекті қуып шығу үшін кірген екен. Жоғары кернеудегі ток төртінші сынып оқушысының қолынан кіріп, аяғынан шыққан.
Тамырларын күйдіріп жіберген соң дәрігерлер амалсыздан ампутация жасаған. «Егер трансформатор құлыптаулы болғанда, ішіне адам да, мал да кірмес еді» деп жұрт электр желісіне жауаптыларды айыптап отыр. Баланы мүгедек еткен оқиға Қазығұрттың бірнеше ауылына электр тарататын Шанақ шағын стансасында болған. Қоршалғанымен, есігінде құлып болмаған соң, мал-жан оңай кіреді. Ойнап жүрген үш бала қоршауға кірген есекті ұстамақ болыпты. Бірақ электр қондырғысының қоршауын ұстаған Бейбарысты жоғары кернеулі тоқ ұрған. «Қоршауды ұстар-ұстамас қолым мен аяғымды біреу отпен ұрғандай болды» деген бала есін енді жиды.
«Ойнап жүріп, есекті шығаруға бардық. Сосын анаған шығып көрейін дедім, сосын ұстаған кезімде тоқ ұрды. Сол тоқ құлатты. Басым біраз айналды. Сосын достарым қасыма келді, Әлихан мені көтеріп, көлеңкеге жатқызды», - дейді Бейбарыс.
Сол қолынан кіріп, аяғынан шыққан тоқ сол аяғының тамырын күйдіріп жіберген соң дәрігерлер амалсыздан ампутация жасады. Қазір облыстық балалар ауруханасында жатқан оқушыны қасында анасы қарап жатыр. Қолы да қатты күйік қалған Бейбарысқа бірнеше ота жасалды.
«Тізесінен үштен екі бөлімі алынды. Сол қолы күйіктің терең, үшінші А, Б дәрежелі болуына байланысты емделіп жатыр. Қолын ампутациялауға қатер жоқ, бірақ әлі де ота жасалады», -дейді Түркістан облысы балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Тұрысбеков.
Бейбарыс тоққа түскен соң қоршаудың іші-сыртына қауіпті деген тақтайшалар ілініп, іші тазаланып, есігіне тіпті ауыр құлып ілініпті. Мүгедек болып қалған баланың жақындары 35 мың вольт электр қосалқы стансасы әу баста құлыптаулы болғанда, қайғылы жағдай болмас еді деп отыр.
«Егер ашық болмаса, ішіне есек кірмесе, олар бала ғой, ұстап мінем деп жүріп, темірді ұстап қалды ма. Ол уақытта естідік, ішіндегі бір жерде 40 сантиметрден ұрады деп. Сол тура соны ұрыпты. Әйтпесе 35 мың дейді. Ол жандырып жібереді екен, оның өзін ұстайтын болса. Ол түгілі, 10 мың вольттығы күйдіріп жібереді ғой. Қосалқы станция қожайынына наразымыз», - дейді Бейбарыстың атасы Салықбай Төрешов.
Ал электр желісіне жауаптылар баланың өзін кінәләп отыр. Біресе он жасар бала «есіктегі құлыпты бұзып кірді», біресе «қоршаудан секіріп кірген» дейді. Тіпті мекеме тарапынан еш көмек көрсетілмейді деп кесіп айтты.
«Кім айыпты екенін органдар шешіп берсін. Ешқандай көмек болмайды. Қоршаулы қондырғының ішіне неге кіреді? Ішінде мал жүрсе мұндай болмайды, станцияны, даланы көріңіз, ішті көріңіз. Мен сеніп отырмын», - дейді Қазығұрт ауданы электр желілері мекемесінің бас инженері Жаханбек Серікбаев.
Қазір бұл жағдай бойынша полиция іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр. Ал сау баланың аяқасты мүгедек болғанына налыған Бейбарыстың жақындары электр желілеріне жауаптылар, тым болмағанда, емін көтеріп, келесі оқу маусымына протез салдырып беруін ғана қалайды.