Елімізде 2 миллионға жуық киік бар
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік санын реттеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айта кетсек, осы аптада Мәжіліс депутаттары киік санын тез арада реттеп, олардың еті мен мүйізін, терісін кәдеге жаратуды ұсынған еді.
Бүгінде ақбөкендердің басым бөлігі (1,13 млн бас) БҚО-да мекендейді. Ал өңір басшысы мәселенің бірден шешілмейтінін ашық айтты.
Менің ұсынысым бойынша мамырда бізге 4 елден сарапшылар келді. Жақында олармен кездестім. Олар киіктерді көрді. Бізде конвенция бар. Оған сәйкес, киіктердің санын реттеуге құқығымыз жоқ. Киіктердің 95%-ы – Қазақстанда. Олар жойылып бара жатқан жануардың қатарына жатады. Біз консенсусқа келуіміз керек, - деді Нариман Төреғалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімі биыл күзде Ташкентте жиын өтіп, онда жоғарыда аталған мәселелердің талқыға түсетінін де атап өтті.
Мәселенің шешімі жоқ. Біз сарапшылардың қорытындысын күтеміз. Қазақстан заңында киіктің еті мен мүйізін, терісін пайдалануға рұқсат жоқ, - деді ол.