Қазақстанда ауыл шаруашылығы жетім баланың күйін кешуде – Болатбек Әлиев
Ауыл шаруашылығы министрлігі статистикалық орган сияқты болып тұр...
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында ауыл шаруашылығының мүшкіл халі туралы айтып берді.
Соңғы отыз жылда бірде-бір жағдайды шеше алмаппыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығы бірінші орында. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі статистикалық орган сияқты болып тұр. Шыққан өнімді есептеп береді, егетін егістіктің көлемін айтады. Бірақ ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан азаматтардың жағдайын жасауда үлесі өте төмен. Бүгін қарасақ, ауыл шаруашылығы саласы жетім бала сияқты. Басқа салалаларға көбірек көңіл бөлінеді де, ауыл шаруашылығына көп бөлінбейді, - деді депутат.
Оның айтуынша, Үкіметте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Сауда министрлігі сияқты бірнеше ведомствоға тікелей қатысы бар.
Сауда министрлігі өзіміздің мүддемізді қорғаудың орнына, сырттың мүддесін қорғайды да өзіміз екінші орынға қалып қоямыз. Көрші елдердің тауарын кіргіземіз. Тактикалық шешім қабылдай алмайды. Баға бүгін мен қызметте отырғанда қымбаттамасын деп өзбектің, тәжіктің, қырғыздың, ауған, Пәкістан, Иранның тауарын кіргізеді. Біздің фермерлер тұншығады сосын. Әрине, халық арзанға алғысы келеді. Бұл – қысқамерзімді эффект.
Осылай жалғаса берсе, өзіміздің ауыл шаруалышығын өлтіреміз, содан кейінгі жылдары өзгенің тауарын өте қымбат бағаға алатын боламыз. Бірыңғай стратегия, саясат, жүйе жоқ», - деп түсіндірді мәселені Болатбек Нәжметдинұлы.
Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.