Алматыда 175 оқушы буллингке байланысты мектепшілік есепке қойылды
30 мектепте «Сенім бұрышы» атты интернет-ресурс пилоттық режимде іске қосылды
Алматыда 175 оқушы буллинге байланысты мектепшілік есепке қойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Сенім бұрышы» атты интернет-ресурс пилоттық режимде іске қосылып, QR-коды орта білім беретін 30 мектепте орналастырылды.
Оқушылар мен ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін әр сынып бөлмесінде балалардың құқығы бұзылуы кезінде смартфон камерасын QR-кодқа бағыттау арқылы, мектеп әкімшілігіне анонимді онлайн-өтініштер жіберуге жағдай жасалған.
Процесті цифрландыру нәтижесі кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 561 құқықбұзушылыққа тиісті шаралар қабылдай отырып, жедел ден қоюға мүмкіндік берді.
Мысалы, оқушылар арасындағы буллинг мәселелері құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі Кеңестің отырыстарында қаралды. Оның нәтижелері бойынша 175 оқушы мектепшілік есепке, 98 оқушы тәуекел тобының есебіне қойылды және 1 факті кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.
Пилоттық жоба Алатау ауданының оқушылары мен ата-аналары арасында оң бағаға ие болды. Енді дәл осындай жұмыс қаланың басқа да мектептерінде жүргізіледі.