Бұған дейін 50,5 млн теңгеге бағаланған көлік Бас прокуратураға берілген
Алматыда тәркіленген Jeep Wrangler жол талғамайтын көлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «сыйға тартылды». Бұл туралы Protenge Telegram-арнасы хабарлады.
2021 жылы шыққан көлік 32,7 миллион теңгеге бағаланған. Оны Алматыдағы арнайы қызмет тәркілеуі мүмкін. Кейін көлік мемлекеттік саудаға шығарылғанмен, сатылмайтын болды. Бірінші болып өтініш берген ұйымға тегін беріледі.
Алдымен көлікті мемлекеттік органдарға ұсынады. Кім бірінші болып өтініш берсе, соны көліктің иесі деп жариялайды. Мемлекет қаржысына мұндай көлік сатып алуға тыйым салынғандықтан, ережені айналып өтудің керемет жолы – осы, – деп жазды Telegram-арнасы.
Тәркіленген Jeep Wrangler көлігін алғысы келгендер көп екен. Өтініш бергендер арасында ҰҚК, Абай облысының полиция департаменті, Алматы облысы бойынша шекара қызметі, Орманды қорғау бойынша Орқаш мекемесі бар. Нәтижесінде көлік ҰҚК-ге берілген.
Айта кетсек, бұған дейін 50,5 миллион теңгеге бағаланған Lexus көлігі дәл осы жүйе арқылы Бас прокуратураға берілген болатын.