×

Абай облысында оқушы қой шаруашылығын автоматтандыру жобасын әзірледі

Жоба қойшының жұмысын жеңілдетеді

 Динара Амантай 26.05.2023 | 11:29
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Абай облысының Аягөз ауданындағы қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Бекнұр Айдарбек қой шаруашылығын автоматтандыруды ойлап тауып, шаруа қожалығына ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жобаның мақсаты – Шопан ата төлін көбейту. Тиімділігі – замануи жабдықтарды пайдалану, жоғары сапа, аз шығын, қожалықтарды автоматтандыру арқылы шаруашылық жұмысын жеңілдету.

Жобада қойшының жұмысын жеңілдету үшін жем-шөп науаға автоматтандырылған жүйе арқылы салынып, су мотор арқылы құйылады. Ферманың іші жарық, таза. Қойларды жаю үшін «электроқойшы» құрылғысын ұсынамыз. Құрылғы мобильді, басқа жайылымға апарып орнатуға да болады. 2 гектар жер сыммен қоршалып, қой сол қорғанның ішінде жайылады, – деді 8-сынып оқушысы Бекнұр Айдарбек.

Ол жобаны іске асыру кезеңінде қаражаттың жұмсалуын есептеп, экономикалық тиімділігін де көрсеткен, маркетингтік жоспарын жасаған.

Жазғы, қысқы демалыс кезінде ауылға барып, атама көмектесемін. Шаруашылықта мал бағу, жем-шөп дайындау секілді жұмыс көп. Менің арманым – шаруашылықты автоматтандыруға қол жеткізу, бұл әкем мен атамның жұмысын жеңілдетер еді, – дейді Бекнұр.

Ол қазір «Қой шаруашылығын автоматтандыру» жобасын мамыр айында өтетін фестивальға дайындап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама