«Ролан Гаррос» турнирінің жеребесі тартылды

Дастан Жұмабекұлы

Қазақстанның алғашқы раундта ойнайтын қарсыластары анықталды

фото: Қазақстан теннис федерациясы

28 мамырда теннистен Францияның ашық чемпионаты – «Ролан Гаррос 2023» турнирі басталады. Осыған байланысты әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сындағы жеребе тарту рәсімінің нәтижелері белгілі болды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен (квалифайер) немесе іріктеу кезеңінің соңғы кездесуінде жеңілген теннисшімен (лаки-лузер) кездеседі.

Юлия Путинцева бірінші айналымда бельгиялық Марина Заневскаямен (88-ракетка) ойнайды. Сондай-ақ ерлер арасында Александр Бублик те алғашқы раундта квалифайермен немесе лаки-лузермен кортқа шығады.

Бүгін Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов «Ролан Гаррос» іріктеу сайысының финалында негізгі турнирге жолдаманы сарапқа салады. Ол бразилиялық Мелигени Родригес Алвес Фелипемен (165-ракетка) кездеседі. Бұған дейін қазақстандық теннисші іріктеу сайысының алғашқы екі матчында жеңіске жетті.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 119-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненді ұтты.

Осы матч туралы айтсақ, бірінші партияда фин теннисшісі 6:4 есебімен басым түсті. Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы 6:2 есебімен есе қайтарды. Ол үшінші, шешуші партияда да 3:0 есебімен шықты. Бұдан кейін О.Виртанен таразы басын теңестірді. Дегенмен Скатов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Есеп – 7:5.

Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. 

Енді бүгін жоғарыда айтқанымыздай, Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 165-ракеткасы Мелигени Родригес Алвес Фелипемен ойнайды. Егер Тимофей бразилиялық теннисшіні ұтса, алғаш рет Ролан Гарростың негізгі додасына жолдама алады.