Бұл туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рейстердің саны артып келеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
24-25 мамырда Лондон қаласында Қазақстан мен Ұлыбританияның авиациялық билігі арасында келіссөздер өтті. Қазақстан тарапынан делегацияны ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Т. Ластаев басқарды. Ұлыбритания тарапынан көлік департаменті басшысының орынбасары Д. Беван қатысты.
Жиында «Эйр Астана» әуе компаниясына екі елдің авиациялық билік орындары арасындағы қолданыстағы уағдаластықтарға сәйкес, 15 маусымға дейін уақытша негізде аптасына 5 рейс жиілігімен Алматы – Лондон – Алматы бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауға рұқсат етілді. Келіссөздердің маңыздылығы мен күрделілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясының рейстері орындалатын қолданыстағы уағдаластықтардың мерзімі аяқталуында болды. Келіссөздер барысында келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, «Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы – Лондон бағыты бойынша рейстердің бір бөлігін тоқтатуға мәжбүр болар еді.
Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасындағы құқықтық база нығайтылып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рұқсат етілген рейстер саны артты:
- Астана қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;
- Алматы қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;
- Қазақстанда енгізілген «ашық аспан» режиміне сәйкес, ауа еркіндігінің 5 дәрежесін қоса алғанда, тұрақты емес негізде аптасына 7 жүк рейсіне дейін.
Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде «Эйр Астана» әуекомпаниясы жылдың соңына дейін Лондонға орындалатын рейстер санын аптасына 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.