×

«Соңғы хаты табылды»: Көкшетауда үш алған студент суицид жасады

Анасы баласынан мәңгіге айырылып қаламын деп ойламаған

 Халық үні 25.05.2023 | 21:49
фото: pixabay.com

Көкшетауда әне-міне диплом алып, мұғалім болуды армандап жүрген колледж оқушысы өзіне қол салды. Емтиханнан үш алған бойжеткен ұстаздар әділетсіздік қылды деп қатты қамығыпты. Онысын анасына жазған хатында айтқан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. 

Телеарна хабарлауынша, жақсы оқуға тырысқанын айтқан Аяулым білімінің лайықты бағаланбағанына күйінген. Ал колледждегілер төмен бағаның бұлай қайғылы жағдайға ұласатынын әлбетте күтпеген. Олар ағылшын тілінен емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік бердік деп отыр.   

Артында аңырап қалған ата-анасы мен туған-туысы Аяулымның бұндай әрекетке барғанына сене алар емес. Ағасының 16 жыл күткен сәбиінің тойында ән айтуға әзірленіп көйлегін де дайындап қойыпты. Анасы емтиханға кеткен қызы хабарласып, үш алғанын айтып жылағанда бірер сағаттан кейін мәңгі айырылып қаламын деп ойламаған. Аяулым сол күні   қала іргесіндегі үйіне келіп, қорада жас өмірін қия салған.

«Жауап берсін, менің балапанымды осындайға жеткізгені үшін. Өзөзіне қол салып, не сұмдық соншама ... Бір бағаны аяды ма екен, бір бағаны. Соншама менің қызымды жек көретіндей не болды? Қалдырмаймыз, арыз жазамыз», дейді марқұмның анасы Айгүл Ахметжанова.

Марқұмның туыстары 18 жастағы қыздың өліміне колледж ұстаздарын кінәлап отыр. Бұған себеп – Аяулымның соңғы  хаты. Онда марқұм ата-анасының үмітін ақтай алмағанын, ұстаздары білімін әділ бағаламағанын жазыпты. Төрт жыл білім алған педагогика  колледждегілерге де бұл жәйт төбесінен жай түскендей әсер берген.   

«Ол олай емес. Емтихан белгіленген уақытында өтті. Олар жауаптарын электронды түрде жібереді. 12 емес, 8 балл алды. Иә, 3 алғанына ренжіді. Бірақ қайта тапсыруға келістік. Қайта тапсыруға келгенде тақырып сол, бірақ тест басқа екенін көріп бас тартты. Ал костюмін шешкісі келмеді, ішінде майка ғана екен. Оған жарайды дедім», дейді колледж оқытушысы Динара Жүсіпова. 

Аяулым үш алғаны үшін өзіне қол салатынын қасындағы құрбылары да сезбеген. Ағылшын тілін жетік меңгеріп шетелде жұмыс істеймін деген асқақ арманы болыпты. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Өлімге итермелеу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғылы жағдай Красный яр кентінде болған. 18 жастағы қыз өзіне қол салған. Барлық жағдай жанжақты тергеліп жатыр», - дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Әсел Әбдірахманова. 

Бойжеткеннің өліміне ұстазы қойған үштік баға себеп пе, әлде басқа жағдай әсер етті ме, оны полиция анықтайды. Ал үш қызының бірінен қапыда айырылып қалып, қайғыдан қан жұтқан ата-ана қалайда кінәліні іздеп табамыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама