ҚТЖ, «Қазақтелеком», «Транстелеком» ұжымдарына қатысты талдау жүргізіліп жатыр
Кеше Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин ҚР президентінің қабылдауында болып, ел экономикасын демонополизациялау жөніндегі реформалар туралы баяндады.
Агенттік басшысының мәліметінше, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сататындардың қызметіне жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 5,5 млрд теңге қаржыға қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Автомобиль газын бөлшек саудаға шығаратын 193 сатушы мекемеге салынған айыппұл көлемі 103 млн теңгені құрады.
Сондай-ақ сұйытылған мұнай газын, бағаның 10 пайыздық шегін 3 пайызға дейін түсіруді қоса алғанда, электронды сауда алаңдары арқылы ұйымдастыру және сату тәртібіне өзгерістер енгізілді.
«Қазір «Eurotransit Nur Zholy», «Қазфосфат», «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне және «Каскор-Транссервис» акционерлік қоғамына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. ҚТЖ, «Қазақтелеком», «Аймақ» ҚТА, «Транстелеком» сияқты акционерлік қоғамдарда, сондай-ақ азық-түлік тауарларын сататын сауда орындарын жалға беру қызметтеріне қатысты сауда нарықтарында монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілерін анықтау үшін талдау жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, «Қазфосфат» ЖШС - Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрлановқа тиесілі. Ал агенттік тергеп жатқан тағы бір компания «Қазақмыс» ЖШС-ға Владимир Ким иелік етеді. Ол 2021 жылы қазақстандық Forbes тізімінде ең бай бизнесмендердің ішінде біріші, ал ең ықпалды бизнесмендердің арасында төртінші орында тұр.