×

Жаспөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерінен чемпионат өтеді

Барлық іс-шараға балалар тегін кіре алады

 Дәурен Ерболат 25.05.2023 | 16:35
Фото: gurk.kz

Биыл жазда жаспөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерінен чемпионат ұйымдастырылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл VI жазғы Спартакиада аясында «Спорттық жаз» челленджі басталады. Атақты спортшылар әлеуметтік желілер арқылы спортпен шұғылдануды насихаттайды.

23 маусымда еліміздің барлық өңірінде Астананың 25 жылдығын мерекелеуге және халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған «Мен спортты таңдаймын!» республикалық акциясы басталады. Ерекше қажеттігі бар балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай Children Paralympic Games 2023 инклюзив спорт фестивалі ұйымдастырылады. Оған еліміздің барлық өңірінен ерекше балалар қатысады. «Инклюзивті хореография» үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді, - деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында тегін спорт секциялары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту үшін түрлі спорт жарыстары өтеді.

«Мәселен, «Бурабай 2023» республикалық жартас фестивалі аясында (1-2 шілде) балалар маршруттары ұйымдастырылады. «Алакөл-2023» республикалық турнирі аясында веложарыс (8-9 шілде, Жетісу облысы), 13 тамызда Ақмола облысы Бурабай ауылында ULY DALA JARYSY кедергілерді еңсеру байқауы өтеді», - деді Асхат Оралов.

Ұлттық спорт та назардан тыс қалмайды.

Ұлттық спорт түрлері бойынша мыңнан аса бала мен жасөспірімнің қатысуымен тоғызқұмалақтан (классика, рапид, блиц) Қазақстан чемпионаты, 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Бала би атындағы қазақ күресінен республикалық турнир, жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан чемпионаты жоспарланған, - деді ведомство басшысы.

Жаз бойы балалар барлық өңірде кәсіби клубтар арасындағы (жасөспірімдер ойнайтын) футболдан Қазақстан чемпионатының матчтарын тегін көре алады.

«1 маусымда Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «бочча» паралимпиадалық спорт түрінен Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылуы жоспарланған әрі жазда таэквондо мен джиу-джитсудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары (Астана, тамыз) өтеді», - деді министр.

Асхат Оралов министрлік ұйымдастырған барлық спорттық іс-шараға балалар тегін кіре алатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама