×

Экология министрлігі мен «ӨКМ Операторы» лауазымды тұлғалары 180 млрд теңге жымқырмақ болған

Олар электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландырмақ болған

 Айнұр Шошаева 19.04.2022 | 14:23
фото: Ахметжан Пірімқұлов, Медет Құмарғалиев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Бас прокуратура «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның 180 млрд теңге көлемінде ақша жымқырмақ болған әрекетінің алдын алды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлауға ниеттенген.

Бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған.

Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат бұғатталды.

Экология вице-министрі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды.

Еске салайық, 28 қаңтарда Экология вице-министрі болған Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев екі айға қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама