Премьер-министр Абай облысындағы өртті тез сөндіруді тапсырды
Елді мекендерге қауіп төнбеген
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртті тез сөндіруге тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өткен отырыста біз өрт қауіпсіздігіне дайындық мәселесін қарастырдық. (Абай облысындағы өрттен, – автор) қауіп өте жоғары. Ең бастысы елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толық сөндіру керек. Бұл – Абай облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті, - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Әлихан Смайылов Абай облысына өрт сөндіру күштері мен техникалар жіберіп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкіметтің атынан алғыс айтты.
«Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақтарын толық жойып, келтірілген залалды бағалау үшін «Семей орманы» резерватының аумағына тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бақылау Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярда», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Абай облысында өртке байланысты төтенше жағдай жарияланады.