×

Аймағамбетов соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтаруға қатысты мәлімдеме жасады

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов журналистердің соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтаруға қатысты сұрағына жауап берді.

 Халық үні 24.05.2023 | 22:25
ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов журналистердің соңғы қоңырау күнін 25 мамырға қайтаруға қатысты сұрағына жауап берді.

«Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысады деп ойлаймын. Негізі біз тек қана ұнайтын шешімдерді ғана емес, мемлекеттік қызметші болғаннан кейін ұнамайтын, бірақ елге керек шешімдерді де қабылдай білуіміз керек. Сол шешімнің бірі (соңғы қоңырау күнін ауыстыру) қабылданған болатын. Енді әрине ол көпшілікке ұнамайтыны түсінікті. Мысалы, біз директорлардың жұмыс істеу мерзімін тек қана 5 жылмен шектедік. Ол директорларға ұнады деп ойлайсыздар ма? Әрине ұнамайды. Бұдан басқа жоғары оқу орнын бітіріп, педагогикалық білім бойынша диплом алып шыққан азаматтарға мектепке тұру үшін тек диплом ғана емес, емтихан тапсырып, өз пәні бойынша тестілеуден өту керек дедік. Соның тоқсаннан астам пайызы өз пәні бойынша төртінші курсты бітіргеннен кейін тестілеуден өте алмады. Соған байланысты біз отыздан астам университеттің лицензиясын алдық. Бұл да университеттерге, сол жылы ЖОО-ны бітіргендерге ұнамайтын шешім болды», - деді ол.

«Бүгінде балалар кітаптарын тапсырып үлгерді, сабақ оқымай бос отыр деген ақпаратқа қатысты не айтасыз?» деп сауалға депутат былай жауап берді.

«Сіз айтып жатқан мәселе барлық мектептерде бірдей болып жатыр деуге болмайды. Бұл мәселемен министрлік дербес айналысып, тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама