Бұған дейін ол құрылыс басқармасының басшысы болып жұмыс істеген
Алматы қаласы әкімі аппаратының жаңа басшысы тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерболат Досаевтың өкімімен Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Бейбіт Шаханов тағайындалған.
Бейбіт Шаханов 1979 жылы туған. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін, Қазақ коммерциялық-қаржы академиясын, Ланкастер университетін (Ұлыбритания) бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі монополияға қарсы заңнаманың сақталуын бақылау департаментінің жетекші маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары Қаржы, Білім және ғылым, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған.
2015-2022 жылдары Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктері мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару істері комитетінде жұмыс істеген.
2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарды.