×

Қызылордалық оқушы жаңа математикалық кесте ойлап тапты

Оқушының бұл еңбегі 600-ге жуық қатысушының арасынан дара шықты

 Динара Амантай 23.05.2023 | 12:17
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қызылордалық оқушы Роза Садық математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін жаңа кесте ойлап тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, зерттеу жұмысының жүргізілу нәтижесінде Ұлттық зияткерлік меншік институты талабына сай жас автор Роза мен жетекшісі Ғабиден Төлебайұлына сандық куәлік берілген. Аталмыш кесте «Роза – өлшем бірліктер кестесі» деп ресми аталды.

Қызылорда қаласы И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінде білім алатын жас өреннің бұл жаңалығы «Зерде» республикалық ғылыми зерттеу жобалары конкурсының республикалық кезеңінде үздік деп танылып, ғалымдардың таңданысын туғызған. Нәтижесінде аталмыш байқауда Гран-при иегері атанды.

Жобаның басты жаңалығы – математикалық өлшем бірліктермен жұмыс жасаудың әдістемелік кестесін есептер шығару барысында қолдану болып табылады. Математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін бұл жаңа кесте бүгінде білім беру ұйымдарында сабақ процесінде қолданылып келеді, –деді жетекшісі Ғабиден Төлебайұлы.

Айта кетсек, білім бәсекесінде 600-ге жуық қатысушының арасынан дара шыққан қызылордалық оқушының бұл еңбегі математика іліміне тағы бір жаңа формула ретінде енгізіліп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама