Halyq Uni логотип
×

Ресейдің Белгород облысында қарулы қақтығыс болып жатыр

«Свобода России» легионы шабуылға шықты

 Дастан Жұмабекұлы 23.05.2023 | 12:05
Ресейдің Белгород облысында қарулы қақтығыс болып жатыр
фото: ашық дереккөз

Кешеден бері Ресейдің Белгород облысына Украина Қарулы күштерінің жағында РФ әскеріне қарсы соғысып жатқан ресейлік «Орыстың еріктілер корпусы» ұйымы мен «Свобода России» легионының сарбаздары басып кірді деген ақпарат шықты.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, «диверсанттар»  Белгород облысына кіріп, бірнеше селоны басып алған. Олар әуелі Гора-Подол селосына кіріп, сосын Грайворон ауданына шабуыл жасаған.

Гора-Подолдағы мәдениет үйі «Свобода России» легионының қарамағына өтті, – делінген бірінші күнгі материалдарда.

Содан кейін Белгород облысында төтенше жағдай жарияланып, легионның сарбаздарына қарсы операция басталды. Бұл туралы облыстың губернаторы Вячеслав Гладков айтты. Ол легион жауынгерлерінің шабуылынан 8 адамның жараланғанын хабарлады.

Облыста жағдай ушыға бастаған кезде ядролық қару қоймасы шұғыл көшірілді. Жедел режимде Грайворон маңындағы ауданнан Белгород-22 нысаны эвакуацияланды. Ол ядролық қоймада орналасқан еді.

Қақтығыс қыза түскеннен кейін Ресейдің Ми-8 тікұшағы Прохоровка маңында апатқа ұшырады. Белгород қаласында Федералды қауіпсіздік қызметінің ғимаратында жарылыс болды.

Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Михаил Подоляктың айтуынша, Белгородтағы қарулы қақтығысқа украин билігінің ешқандай қатысы жоқ. Ол Ресей өз ішінде соғысып жатыр дегенді астарлап айтты.

Ал қазір Белгород қаласы мен облыс аумағынан тұрғындар автокөліктеріне мініп қашып жатыр деген ақпарат тарады. Жолда кептеліс екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама