Бүгінде жылу көздеріндегі жабдықтар әбден тозған
Үкімет өңірлік жылу электр орталықтары мен басқа да жылу көздерін алдағы қысқа дайындау үшін Көкшетау қаласындағы қазандықтарда жөндеу жұмыстарына өз резервінен 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Қала тұрғындарын 1977 және 1998 жылдары салынған 1-АҚ және 2-АҚ қазандықтары жылумен қамтамасыз етеді. Біріншісінде жалпы қуаты 294 Гкал/сағ болатын 3 газ-мазутты қазандығы, екіншісінде – қуаттылығы 280 Гкал/сағ болатын 3 ұнтақ көмір қазандығы орнатылған. Бүгінде жылу көздеріндегі жабдықтар әбден тозған, – делінген хабарламада.
Қысқа дайындық қарсаңында түтін мұржаларын, қазандық қондырғыларын, газ құбырларын, ауа жылытқыштарын жөндеу және басқа да жұмыстары жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2023-2024 жылдардағы және одан кейінгі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі қажет.
Бүгінде жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен жалпы жергілікті экономиканың дамуы аясында Көкшетаудың энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін толыққанды жылу электр орталығының құрылысы пысықталып жатыр.