Бас прокуратура шет мемлекеттермен 72 екіжақты келісімшарт жасасты

Динара Амантай

Халықаралық шарттардың электрондық картасы әзірленді

Фото: Halyq Uni

Бас прокуратура шарттық саладағы халықаралық ынтымақтастықты арттыруды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бүгінде 34 шет елмен қылмыстық-құқықтық салада (ұстап беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, сотталған адамдарды беру туралы) 72 екіжақты келісішарт жасалған.

Биыл ел Парламентінде Франциямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарттар ратификацияланды.

Жақын арада Парламентте Қазақстан мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және ұстап беру туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобаларын қарау күтіліп отыр.

Перумен келісімдердің толық пакетіне, Египетпен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және Вьетнаммен сотталған адамдарды беру туралы шарттарға қол қою бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан мен Швейцария Үкіметтері арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселелері қарастырылу үстінде.

Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың мақсаты елдің сыртқы саясатының тұжырымдамасымен үйлестіріліп, Сыртқы істер министрлігімен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіледі.

Қол қойылған халықаралық шарттар туралы ақпаратты оңай қабылдау мақсатында арнайы электронды карта әзірленді. Бұл қолданушыларға Бас прокуратураның қылмыстық-құқық саласындағы шетелдік әріптестерімен және серіктестерімен өзара байланысы туралы ақпарат алуға көмек береді.