×

Кәрім Мәсімов сот үкіміне шағым түсірді

Оған мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған

 Дәурен Ерболат 22.05.2023 | 13:20
Фото: baq.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақпаратты Астана қаласы сотының баспасөз қызметі растады. Кәрім Мәсімовтің орынбасарлары да апелляциялық шағым түсірген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Астана сотының мәлімдеуінше, Кәрім Мәсімов жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда (қатаң режим) өтейді.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама