Шет тілін оқытудағы жаңа әдіс оқушылардың ынтасын оятты
Елордалық мұғалім Зәмзәгүл Түйтина қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қаладағы №38 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Түйтина жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі мен «Алдар Көсе мен Шықбермес Шығайбай» ертегісінен үзінділерді ағылшыншаға аударған.
39 жылғы тәжірибемде сабақта ақпараттық технологияларды қолданып, шет тілін ән және фильмдер арқылы үйрету әдістерін пайдаландым. Алайда танымал шығармалар мен қазақ ертегілерін аударып, оқыту балалардың қызығушылығын арттырып, оң нәтиже берді, - дейді ұстаз.
Бүгінде оның шәкірттері «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы аясында батыс әдебиетін ағылшын тілінде оқып жатыр.
Айта кетейік, Зәмзәгүл Түйтина – Reading for pleasure атты ағылшын тіліндегі нұсқаулықтың авторы. Оған балалар әдебиетінің классиктері мен ең танымал заманауи авторлардың үзінділері енгізілген.