Баланы жазғы лагерьге бергенде нені ескеру керек?
Әрбір ата-ана баласының денсаулығына өзі жауап береді
Алматы қаласының санитар дәрігерлері баласын жазғы демалыс лагеріне бергісі келетін ата-аналарға кеңес берді, деп хабарлады қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Біріншіден, жазғы сауықтыру қызметін ұйымдастыратын әрбір заңды және жеке тұлғаларда нысанның санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындысы болуы керек.
Бұл санитарлық талаптар Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 10 тамыздағы №78 бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидасына сәйкес беріледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны нысанның орналасу аймағына байланысты, сол аймақтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары ұсынады.
Екіншіден, әрбір ата-ана баласының денсаулығына өзі жауапты екенін ұмытпауы керек.
Сондықтан баласын жазғы сауықтыру лагеріне жіберерде, оған жеке гигиенаны сақтаудың қарапайым ережелерін айтуы керек:
- Тамақтанар алдында және дәретханаға барған соң қолды жуу;
- Көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында қолды сумен жақсылап шаю;
- Лагерь аумағында өсетін жабайы жемістерді пайдалануға тыйым салу;
- Бассейнде шомылған соң, душта сабынмен жуыну.
- Басқа адамдардың жеке гигиена заттарын (тарақтар, тіс щеткалары және т.б.) және киімдерін пайдаланбау;
- Серуендегенде дененің барлық ашық бөлігін жабу;
- Егер ішек инфекциясының белгілері пайда болғанда, бала өзін әлсіз сезініп, жүрек айну, құсу, дене температурасының жоғарлауы және тағы басқа белгілерін байқаса, дереу медициналық көмекке жүгінуді ата-анасы оған үйретуі қажет.
Үшіншіден, жазғы сауықтыру лагеріне баратын баланың денсаулық жағдайы туралы құжаты (086/у нысаны), инфекциялық аурумен ауырмағаны туралы анықтама (071/у нысаны) болуға тиіс.
Әрбір ата-ананың міндеті – баласы үшін жайлы да қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету.
Айта кетейік, бұған дейін 20 мың оқушы жазғы лагерьге жіберілетіні хабарланған еді.