Оның бағасы – бір адамға 55 млн доллар
SpaceX компаниясы Axiom коммерциялық бағдарламасы аясында туристерді Халықаралық ғарыш станциясына ұшырды.
Компанияның мәліметінше, Канаверал мүйісіндегі Кеннеди ғарыш орталығынан (АҚШ, Флорида штаты) NASA-ның бұрынғы астронавты, Халықаралық ғарыш станциясының бірінші әйел командирі Пегги Уитсонның басшылығымен кәсіпкер Джон Шоффнер, экипаж мүшелері – Сауд Арабиясының астронавтары Райян Барнави мен Али әл-Карни ұшты.
Ғарышкерлер ХҒС-та 8 күн болып, оның тұрақты экипажымен бірге жұмыс істейді. Халықаралық ғарыш станциясымен түйісу 22 мамырға жоспарланған.
Бұл – америкалық Axiom компаниясының бағдарламасы бойынша ХҒС-қа екінші коммерциялық рейс.
SpaceX компаниясымен келісім бойынша, Axiom Space бағдарламасы аясында туристер жылына 2-3 рет ғарышқа ұшатын болады. Оның бағасы – бір адамға 55 млн доллар.