Рыбакина әлемнің төртінші ракеткасы атанды
Теннисші 5090 ұпай жинады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Италияның Рим қаласында өткен WTA 1000 турнирін жеңіп алған соң, Әйелдердің теннис қауымдастығының жариялаған тізімінде ресми түрде әлемнің төртінші ракеткасы атанды.
Рыбакина 5090 ұпай жинап, төртінші орындағы франциялық Каролин Гарсияны (5025 ұпай) басып озды. Қазір ол рейтингте үшінші орында тұрған америкалық Джессика Пегуладан небәрі 115 балл ғана қалып отыр.
Сонымен бірге, Қазақстанның басқа да теннисшілері рейтингтегі орындарын жаңартты.
Қазақстанның жұптық бәсекедегі үздік теннисшісі Анна Данилина 26-орыннан 24-орынға шықты. Жібек Құламбаева да тізімдегі орынын жақсартып, бірден 197 сатыға көтерілді. Юлия Путинцева 916 балмен 61-орынға жайғасты.