×

Қызылжар ауданында балық қырылды: тұрғындар өлген балықты үйіне тасып жатыр

Бірнеше тонна мөңке балығының неден қырылғаны бір аптадан соң анықталады

 Самат Жақып 18.04.2022 | 17:29
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында балық қырылып жатыр. Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылы маңында орналасқан көлде бірнеше тонна мөңке балығының өлекселері жағаға шығып қалған. Әзірге балықтың нақты неден қырылғаны белгісіз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көл таяз. Салдарынан қыста ауа жетпей қалған. Қазір олардың өлексесі жағаға шығып, ауылды жағымсыз иіс жайлаған.

«Аумақты шұғыл түрде жинастыру керек. Әйтпесе уланып қалуымыз мүмкін. Тұрғындар бірнеше күн бұрын ау құрған екен. Бірде-бір балық түспепті. Бұл дегеніміз барлығы қырылып қалды деген сөз. Ең тәтті балық бізде еді. Тіпті тұрғындар оларды аулап, қалаға апарып сататын», - дейді Бугровое ауылының тұрғыны Раиса Малдыбаева.

Бугровое көлінің жалпы аумағы - 69 гектар. Тереңдігі шамамен - 1,5 метр. Мұнда тек мөңке балығы мекендейді. Су қоймасы жалға берілмеген. Қырылған балықтардың жағада жатқанына үш күннен астам уақыт болған. Қазір жергілікті тұрғындар оларды үйіне тасып жатыр.

Өлген балық өте көп. Соған қарағанда қыста қырылып қалған сияқты. Мұз еріген соң, міне шетке шығып жатыр. Үйдегі мал-құс өлекселерді жақсы жейді. Сондықтан, әкетіп жатырмыз, - дейді Бугровое ауылының тұрғыны Евгений Степанов.

Санитарлық талап бойынша жағаға шығып қалған өлекселерді жергілікті атқарушы билік өкілдері жинап, көміп тастауы керек. Бұл жұмыстардың қашан басталатынын әзірге белгісіз. Бүгінде аталған фактіге қатысты арнайы комиссия құрылды.

«Балық шаруашылығы мамандары, экологтар, ветеринарлардан құралған топ алдағы уақытта су маржандарының неден қырылғанын анықтайтын болады. Қазір біз су мен балықтан арнайы сынама алдық. Енді зертханада тексереміз. Шамамен бір аптадан кейін нақты себебі белгілі болады. Ал қыста жергілікті атқарушы органдар аэрация жүргізді ме, жоқ па? Оны алдағы уақытта анықтаймыз. Айта кету керек, биыл өңірде мұндай көлемде алғаш рет балық қырылып жатыр», - дейді СҚО бойынша балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің жетекшісі Ильдар Кәкімов.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында 501 су қоймасы бар. Олардың 320-ы кәсіпкерлерге жалға берілген. Мамандардың айтуынша, биыл 100-ден астам көлде аэрация жүргізілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама