ІІМ конструктор көліктерді заңдастыруды қашан бастайтынын хабарлады
Жүргізуші өтінімді онлай бере алады
Дәурен Ерболат
21.05.2023 | 12:35
Биыл 22 мамырда Қазақстанда конструктор көліктерді заңдастыру басталады, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Автомобильді тіркеу алгоритмі төмендегідей:
- 1-қадам: Онлайн өтінім беру және оны электронды тіркеу (барлық автоконструктор иесіне автоматты түрде бас тарту және мамандандырылған ХҚКО-дағы Процессинг орталығының қызметкеріне қолда бар құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі).
- 2-қадам: ІІО қызметкері көлік құжаттарының дұрыстығын тексереді және көлік «автоконструктор» критерийлеріне сәйкес келгенде оны электронды мақұлдау парағына енгізеді.
- 3-қадам: Өтініш беруші қайтадан онлайн өтінім береді және электронды мақұлдау парағы бойынша алдын ала тексерістен өтеді. Сарапшы-криминалист салыстыру үшін көлігімен бірге тексеру пунктіне жіберіледі.
- 4-қадам: Салыстырып тексеруден сәтті өткеннен кейін өтініш беруші ХҚКО-ға барлық қажет құжатты, оның ішінде диагностикалық картаны ұсынады және 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік бажды төлейді.
Айта кетейік, шетелден жеткізілген көліктерді заңдастыру 1 шілдеге дейін жүргізіледі.