«Үйінде отырып, аузына келгенді оттай береді»: Айтжанов өзін айыптағандарға жауап берді
Мен – түзу жолмен жүретін ескі қазақпын. Өсек тыңдамаймын, - деді ол
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерінің өз еңбегімен жетістікке жеткенін айтып, «Сәкен Бибосыновты тықпалай береді» деп айыптағандарға жауап берді, деп хабарлады Nege.kz.
Қай жерге тықпалаппын? Ол мен бас бапкер емес кезде Токионың қола жүлдегері атанды. Бибосынов – әлем чемпионы. Ол осы чемпионатта ғана медаль ала алмай қалды. Соған бола сондай пікір айта ма? Үйінде отырып, аузына келгенді оттай беретіндерге не деуге болады?
Айта берсін, жаза берсін. Өз басым жұмысымды істеп, жетістік көрсетемін. Оны да біреу көріп қуанады, енді бірі негатив пікір айтады. Интернет қолданбаймын, әлеуметтік желіні қалай қолданатынын да білмеймін. Мен – түзу жолмен жүретін ескі қазақпын. Өсек тыңдамаймын», - деді ол.
Сондай-ақ бас бапкер өзінің бұл қызметтен алшақтаған кездерін де еске алды.
«Менде қашанда үлкен жауапкершілік болды. Ал қазіргі жауапкершілік одан да күшті. 39 жасымда келдім, қазір де қартайып тұрған жоқпын. 9 жыл 3 ай ұлттық құраманың бас бапкері болдым. Үзіліс алу да керек шығар. Кәдімгідей ми да тынығып қалды.
Кейбір сөз қылатын, көреалмаушылық ортадан алыстадым. Сол кезде менің кеткенім біреулерге керек болған шығар. Қайта-қайта «ұзақ істеп жатырсың, басқалар да болсын да» деп айта бергеннен кейін «жарайды, алыңдар осы қызметті» деп өз еркіммен өтініш жазып кеттім.
Аллаға шүкір, жеке бапкер болып та жетістіктерге жеттім. Себебі, бұл – сүйікті ісім. Облыста жүріп те әлем, олимпиада чемпионын дайындап жүрдім. Менен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Токио олимпиадасында сәтсіздікке ұшырады. Сосын маған ұсыныс түскенде бірден қабылдаған жоқпын. Бірақ артынан келістім», - деді Мырзағали Айтжанов.