Криптовалютадан пайда тапқысы келген ақтөбелік алданып қалды

Дәурен Ерболат

Ол күдіктіге 3 млн теңге берген

Фото: РИА Новости

Ақтөбеде жас жігіт алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның кезекші бөліміне 21 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің алаяқтық жолмен ақшасын иемденгенін айтып арызданды. Жәбірленуші Telegram-дағы арнадан криптовалюта табысы туралы хабарландыру тапқанын жеткізді.

Сатушы мен сатып алушы мессенджер арқылы сөйлескен. (Криптовалюта) сатушысы жас жігітке ақша аударғаннан кейін бірден 2 еселенген соманы алады деп сендірген. Олар қала сыртында кездесіп, жәбірленуші 3 млн теңгені күдіктіге өзі берген. Алайда ақша алғаннан кейін сатушы байланысқа шықпаған, - деп жазылған хабарламада.

Осы факті негізінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Тәртіп сақшылары крипто-алаяққа сенбеуге, танымайтын адамға ақша бермеуге кеңес береді.

Олар адамдарға нақты пайда табасыз деп уәде береді. Алайда ешқандай инвестициялық кіріске кепілдік берілмейді. Олардың нарықтық құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Кепілдендірілген кірісті уәде ететін кез келген ұсыныс күдік тудырады, - деп жазылған полицияның хабарламасында.