Тест жауабын телефонмен лақтырып отырған: Түркістан облысында мектептің директоры мен 6 мұғалім жауапқа тартылды
Аталған жайтқа байланысты мектептің директоры мен 6 педагог тәртіптік жазаға тартылды
Түркістан облысында тест жауаптарын телефон арқылы таратқан мұғалімдерге тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше Ордабасы ауданындағы «Тоқсансай» жалпы орта мектебінде мемлекеттік аттестаттау өткен. Оның барысында ұстаздар заңбұзушылыққа жол берген. Атап айтқанда, Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері тестілеу барысында екі оқушының жасырын түрде телефон пайдаланып отырғанын анықтаған. Телефондарды ашып қарау кезінде педагогтер дайын жауапты суретке түсіріп, оқушыларға жіберіп отырғаны белгілі болды.
«Аталған жайтқа байланысты мектептің директоры мен 6 педагог тәртіптік жазаға тартылды. Мұның алдын да «Тоқсансай» жалпы орта мектебі сәуір айында өткізілген мемлекеттік аттестаттаудың нәтижесі бойынша 40 пайыздан төмен көрсеткіш көрсетіп, аттестатталмаған болатын», - деді Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов.