Биыл жылқы зауытына 135 жыл толды
Бүгін Қостанай облысы Заречное ауылындағы «Арғымақ» ипподромында Қостанай тұқымы жылқылары арасында бәйге өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жарыстың негізгі мақсаты – жалғыз Қазақстандық зауыттық жылқы тұқымы – Қостанай тұқымын қолдау және дамыту. Бәйге Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен және Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Аламан додаға 41 жылқы қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Аталмыш жарысқа Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Парламент Сенатының депутаты Сергей Карплюк, Парламент Мәжілісінің депутаттары Динара Шукжанова мен Айдарбек Қожаназаров арнайы келіп, жеңімпаздарды құттықтады.
Салтанатты рәсімде сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов тарихы терең Қостанай тұқымы жылқыларын сақтап қана қоймай, олардың санын көбейту мәселесі жөнінде айтты.
Өздеріңізге белгілі, Қостанай жылқы зауытына биыл 135 жыл толса, Қостанай асыл тұқымы жылқысына 72 жыл толды. Ол – қазақтың жалғыз асыл тұқымды жылқысы. Алпыс жыл бойы ғалымдардың үздіксіз еңбегінің арқасында асыл тұқымды Қостанай жылқысы дүниеге келді. Өкінішке қарай, бүгінде Қостанай тұқымы жылқыларының жойылып кету қаупі бар. Біз өзіміздің асыл тұқымды жылқыларымызды сақтап қана қоймай, олардың санын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар істеуіміз қажет. Сондықтан бүгінгі жарысымыздың маңызы ерекше. Осынау шараны қолдап, жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлына, «Бәйге» федерациясының басшылығына, «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауытына өз алғысымды білдіремін, – деді Исламбек Төлеубайұлы.
Сонымен, жарыс нәтижелеріне келер болсақ:
Ұшқыр бәйге 1000 м:
1-орын Ахмет Нұрасыл «Командор» есімді тұлпары;
2-орын Бильдибаев Ескендір «Нұрберген» есімді тұлпары;
3-орын Лобас Вероника «Самғау» есімді тұлпары.
Ұшқыр бәйге 1800 м:
1-орын Лобас Вероника «Рибэка» есімді тұлпары;
2-орын Қонысбаев Ерасыл «Коржик» есімді тұлпары;
3-орын Ертас Ринат «Берен» есімді тұлпары.
Құнан бәйге 5000 м:
1-орын Ахмет Нұрасыл «Загадочный» есімді тұлпары;
2-орын Ораз Нұрислам «Айназ» есімді тұлпары;
3-орын Әділханов Ертарғын «Қарақат» есімді тұлпары.
Аламан бәйге 18 000 м:
1-орын Ахметов Нұрасыл «Көктеміс» есімді тұлпары;
2-орын Рымхан Нұртілеу «Занзибара» есімді тұлпары;
3-орын Жүсіп Диас «Сұлтан» есімді тұлпары.
Одан бөлек, сайыс барысында көрермендер теңге ілу, аударыспақ спорт түрлері мен қыз қуу ойынын да тамашалады.
Айта кетейік, турнирдің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ, ал серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры.