Шымкентте суицид жасаған зейнеткерге қатысты тың деректер белгілі болды
Дәрігерлер марқұмның суицид жасауына «өзін жалғыз қалдым деп сезінуі» ықпал етуі мүмкін деген пікір айтып отыр
Шымкентте суицид жасаған зейнеткерге қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Оtyrar.kz.
Шымкентте 72 жастағы қария аурухананың үшінші қабатынан секіріп, көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз. Қайғылы оқиға 18 мамыр күні түнгі сағат 23:15 шамасында болған. Егде жастағы ер адам 7 мамыр күні №2 қалалық ауруханаға «кеңірдегін кесу» арқылы суицид жасау дерегімен түскен екен. Дегенмен, онда хирургтардың болмауына байланысты №1 ауруханаға ауыстырылған.
Науқастың жағдайына байланысты көмейін тігу үшін жедел ота жасалып, 10 мамырға дейін жансақтау бөлімінде жатқан. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі болған соң, оған психологиялық көмек көрсетіліп, туыстары шақырылған.
Алайда, 18 мамыр күні туыстары белігісіз себептермен ауруханадан кетіп қалған. Дәрігерлер марқұмның суицид жасауына «өзін жалғыз қалдым деп сезінуі» ықпал етуі мүмкін деген пікір айтып отыр. Ал 72 жастағы қария басынан алған ауыр жарақаттардан оқиға орнында көз жұмған.
«Бас миының шайқалуы, бас миы сүйегінің сынуы секілді ауыр жарақаттар болған. Негізі туысқандары қасында отырғандықтан, қаншама күн мұндай жағдай болмаған, енді туысқандары кетіп қалғаннан кейін «мені тастап кетті» деп ойлап, осындай қадамға барды деп пайымдап отырмыз. Өйткені біздің №1 қалалық аурухананың хирургиялық бөлімінде өте жоғары деңгейде көмейі тігіліп, бірінші хирургиялық өңдеу жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылып, бірінші жоғары медициналық қызмет көрсеткенбіз», - дейді №1 қалалық клиникалық аурухананың әдістемелік бөлім басшысы Қуаныш Лекеров.