Қазақстанның жаңа картасын жасауға бюджеттен қанша теңге жұмсалғаны айтылды

Еркеғали Болатұлы

Құрамында жаңа құрылған облыстары бар 1:1 500 000 масштабты әкімшілік-саяси карта таныстырылды

фото: qazaqtv.com

Үш жаңа облыстың құрылуына байланысты Қазақстанның жаңа картасы әзірленді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның құрамында жаңа құрылған облыстары бар (Абай, Жетісу, Ұлытау) 1:1 500 000 масштабты әкімшілік-саяси картасы таныстырылды.

Бұл ретте 1:25 000 масштабпен Қарағанды, Семей, Өскемен, ал 1:10 000 масштабпен Қонаев, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жоспар-сызбасы да жаңартылған.

Осы орайда журналистер Қазақстанның жаңа картасын жасауға қанша ақша кеткенін сұрады.

Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы мен 6 облыстың картасын жасауға, облыс орталықтарының жоспар-сызбасын әзірлеуге 56 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде Қазақстан картасының өзіне 10 млн теңге кетті.

Жалпы республикалық бюджеттен 56 млн теңге жұмсалды», - деп жауап берді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев.