Ролан Гаррос турнирі: Қазақстан құрамасы анықталды

Дастан Жұмабекұлы

Ал бүгін Рим жарысының жартылай финалында Рыбакина мен Оспаненко кездеседі

фото: Қазақстан теннис федерациясы

Франция ашық біріншілігінің (Ролан Гаррос) басталуына санаулы күндер қалды. Іріктеу ойындар 21-27 мамыр аралығында өтсе, теннис додасының негізгі кезеңі 28 мамыр-11 маусым аралығында боалды.

Іріктеу кезеңіне Қазақстан құрамасынан Тимофей Скатов қатысады.

Негізгі турнирге Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик бірден жолдама алды. Әлемнің 5-ракеткасы Рыбакинаның рейтингісі жоғары. Сондықтан оған жеребе жолдас болуы тиіс.

Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов пен Александр Бублик, Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина өнер көрсетуі керек.

Ал бүгін Италияның астанасы –  Рим қаласында өтіп жатқан  WTA 1000 турнирінің жартылай финалында Рыбакина әлемнің 20-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен кездеседі. Бұл матч Астана уақытымен сағат 23.00-де басталады.

Теннисшілер бұған дейін үш рет кездескен. Екі матчта Останенко жеңген. Бірақ спортшылар әлі грунтта ойнамаған.

Биылғы Ролан Гаррос турниріне 2004 жылдан бері алғаш рет әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 22 дүркін жеңімпазы, испаниялық Рафаэль Надаль қатыспайды.

Бүгін 36 жастағы Рафаэль Надаль Ролан Гаррос жарысына қатыспайтынын айтты.

Мен биылғы Ролан Гаррос турнирінде жарақатыма байланысты ойнай алмаймын. 2024 жылы теннистегі мансабымды аяқтайтын шығармын. Ракеткамды шегеге ілуім әбден мүмкін, – ол.

Надаль 18 қаңтарда биылғы Австралияның ашық чемпионатының екінші айналымында америкалық Маккензи Макдональдпен матчта жарақат алған болатын. Сол жарақатынан әлі айыққан жоқ. Содан бері ол кортқа шықпаған.

Рафаэль Надаль Франция ашық чемпионатында 14 рет жеңімпаз атанды. Былтыр да үздік шыққан болатын. Биыл чемпиондық атағынан және 2 мың рейтингілік ұпайынан айырылады. Оның қоржынында тек 445 ұпай қалады. Сөйтіп, ол 2003 жылдан бері алғаш рет АТР рейтингісінің үздік жүздігінен шығып, шамамен 130-орынға сырғиды.