Конституцияға түзету: Тоқаевтың күйеу баласы саяси қызметінен босатыла ма
Теміртай Ізбастин - Қазақстанның Болгариядағы елшісі
Әділет министрі Қанат Мусин заң күшіне енгеннен кейін президенттің туыстары саяси қызметінен босатылатынын айтты.
Қанат Мусин журналистердің президенттің жақын бір туысының шет мемлекетте елші қызметін атқарып жүргеніне қатысты сауалына жауап берді. Нақтырақ айтқанда, сұрақ Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин туралы. Теміртай Ізбастин - Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлығаның күйеуі.
«Жалпы, Конституцияға президенттің жақын туыстарына саяси лауазымдарға орналасуына тыйым енгізіледі. Саяси лауазымдардың тізімі барынша кең. Оған белгілі бір дәрежедегі дипломатиялық қызметкерлер де кіреді. Оларды толық тізіп шыққан жоқпын. Саяси лауазымдарды тізімі ашық, қолжетімді. Сондықтан кез келген адам қарап, қорытынды шығара алады», - деді министр.
Бұған дейін Қаныш Ізбастин (Тоқаевтың жиені) «ҚазАгроҚаржы» директорлар кеңесінен, «Бәйтерек» холдингі төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кеткен еді.
Президенттің жақын туыстарына - ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.