Halyq Uni логотип
×

Қытайдың қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бастамасын қолдаймыз – Тоқаев

Мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыру жоспарланып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 19.05.2023 | 12:09
Қытайдың қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бастамасын қолдаймыз – Тоқаев
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Сиань қаласында өткен бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысып, сөз сөйледі.

Саммиттегі сөзінде Қазақстан басшысы Сианьның Қытайдың тарихи-мәдени мұраға бай қаласы екенін, ал ҚХР-дың өзі әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің біріне айналғанын, сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадамның көпқырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын, – деді президент кіріспе сөзінде.

Одан кейін мемлекет басшысы көрші елмен ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастықтың маңызды 9 бағытын атап өтті. Оның айтуынша, біріншіден, тауар айналымын арттыруымыз керек.

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайыз өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар.

Екіншіден, электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған карантин кезінде көзіміз анық жетті.

Қытайдың «Alibaba Group», «JD COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды.

Кеше JD COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Үшінші, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуымыз қажет. Он жыл бұрын Астанада Си Цзиньпин мырза «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсынған болатын. Содан бері осы ауқымды жобаның тиімділігіне және қажеттігіне бүкіл әлем көз жеткізді. Бұл мегажоба Ұлы Жібек жолын жаңғырту ісіне ықпал етті. Сондай-ақ көптеген елде заманауи көлік инфрақұрылымын салу жұмысын жандандырды. Қазақстан – Қытайдың жақын көршісі әрі сенімді серіктесі. Сондықтан «Бір белдеу – бір жол» жобасына атсалыса береді. Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ, – деді ол.

Одан әрі Тоқаев төртінші бағыт ретінде өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту керектігін айтты.

Бұл сала Орталық Азияның экономикалық дамуына берік тұғыр бола алады. Аймақтағы елдер бірлесіп, соңғы жылдары бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – қуанышты жағдай. Оған Қытайдың атсалысуы жобалардың табысты болуына септігін тигізері анық. Мен Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспарды аймақтағы барлық елдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып жасаған жөн, – деді президент.

Бесінші бағытта мемлекет басшысы энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар екенін жасырмады.

Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр.

Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады.

Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз, –  деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен бірге баяндамашы алтыншы бағыт ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту керектігіне тоқталды.

Оның пікірінше, қазір жаһандық азық-түлік нарығы жиі құбылып тұр. Сондықтан біз осы саладағы ынтымақтастықты нығайта түскеніміз жөн. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрін көбейтуге мүдделі. Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспортталады.

Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді.

Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет, –  деді мемлекет басшысы.

Президент жетінші бағытта трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануды ұсынды.

Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.

Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет.

Сенгізінші бағытта мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ туризмді дамыту қажет.

Осы ретте ол жеке адамдардың қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізетінін ескертті.

Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін.

Орталық Азия елдерінің мәдениеті – бай, көрікті жерлері де – көп. Соның бәрі қытайлық туристер үшін қызықты болары анық. Осы орайда мен «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасауды ұсынамын. Топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру қажет. Сол кезде қытай туристері бір сапарда Орталық Азияның бірнеше еліне бара алады, –  деді ол.

Саммитте сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы тоғызыншы бағыт ретінде аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі болып саналатынын мәлімдеді.

Қытайдың бұл міндетті орындауға зор үлес қосып отырғанын Қазақстан жоғары бағалайды. Қытай Халық Республикасы аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады. Барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Бейжіңнің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді.

Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық. Қазақстан да Қытайдың Орталық Азияға қатысты жүргізіп отырған бейбіт сыртқы саясатын құптайды. Біз Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Орталық Азияның қашанда ынтымағы жарасқан, жасампаз аймақ ретінде дамығанын қалаймыз. Осы өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз, –  деді баяндамашы.

Мемлекеттер басшылары «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойды

Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама