Алматыда аудандардың жаңа әкімдері тағайындалды

Динара Амантай

Қала әкімі жаңа әкімдерді ұжымға таныстырды

Фото: Halyq Uni

Алматыда 4 ауданға жаңа әкімдер тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кадр мәселелері жөніндегі кеңес барысында Ерболат Досаев Президент әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімі бойынша қала әкімінің өкімімен лауазымдарға тағайындалған аудандардың жаңа әкімдерін ұжымға таныстырған.

Наурызбай ауданының әкімі болып Назира Тоғызбаева тағайындалды, ол 2021 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

Әуезов ауданының әкімі қызметіне Абзал Егембердиев тағайындалды. Ол 2022 жылдың тамыз айынан бастап қаланың мемлекеттік активтер басқармасын басқарған.

Бостандық ауданының әкімі Санджар Алин болды. Тағайындалғанға дейін ол энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Алмалы ауданын Айдар Жақыбаев басқарады. Ол 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы болды.