Боксшы қыздар жекпе-жегі күтпеген нәтижемен аяқталды: Қазақстан бокс федерациясы мәлімдеме жасады
Ангелина Лукас пен Балауса Мұздиман арасындағы кездесуде төрешілер соңғысын жеңімпаз деп таныды. Алайда Ангелина бұл шешіммен келіспей, төрешілердің қарсыласқа бұра тартқанын айтып, әлеуметтік желіде бірнеше жазба қалдырған.
Бұл күндері Петропавлда әйелдер боксынан Қазақстан Спартакиадасы өтіп жатыр. Бүгін 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ангелина Лукас Балауса Мұздиманнан ұтылды. Кейін бұл жекпе-жек дауға айналды, деп хабарлайды NUR.KZ.
Ангелина Лукас пен Балауса Мұздиман арасындағы кездесуде төрешілер соңғысын жеңімпаз деп таныды. Алайда Ангелина бұл шешіммен келіспей, төрешілердің қарсыласқа бұра тартқанын айтып, әлеуметтік желіде бірнеше жазба қалдырған.
«Менің жекпе-жегімді қалай ұрлағанын көріңіздер! Жартылай финалға дейін де жеткізген жоқ. Бұл салмақта қандай олимпиадалық медаль болатынын ойлай беріңіз», - деп жазды Лукас.
Осы орайда, NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының және Азия бокс конфедерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетовтің пікірін білген болатын.
«Бұл кездесуді шаршы алаңның тура түбінде отырып тамашаладық. Қасымда әйелдер командасының бас бапкері Шамиль Сафиуллин де отырды. Ангелина бұл жекпе-жекте таза ұтылды. Таза жеңіліс. Бірінші раундта төрешілер 1:4 есебімен жеңісті Балаусаға берді. Лукас екінші раундта кездесу қарқынын өзгертуге тырысты. Бірақ үш соққы жасап, өзіне он соққы алып жатты. Жалпы есепте төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Мұздиманға әділетті түрде берді. Мұны команданың бас бапкері де растайды. Бәріміз де бокстан хабары бар жандармыз. Лукастың әр жекпе-жектен соң бұлай дау туғызғаны дұрыс емес. Бапкерлері арнайы жанкүйерлер әкеліп, қолдау көрсеткені қуантты. Бірақ желіге өзі орнатып қойған камерадағы жазбаларды жариялап жатыр отыр. Әлгі камера тек бір ракурстан түсірген. Ал YouTube- тегі көрсетілім арқылы жекпе-жекті объективті бағалауға болады. Сол арқылы қарасаңыз да, Ангелинаның еш айласыз жеңілгенін байқайсыз», - деді Қожамбетов.
Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері Шамиль Сафиуллин бұл жекпе-жекте Балауса Мұздиман таза жеңді деп есептейді.
«Балауса таза жеңді. Ангелина таза ұтылды. Мұны боксты түсінетін әрбір адам байқады. Техникалық және тактикалық тұрғыдан Балаусаның басымдығы көзге ұрып тұрды», - дейді ол.
Сөз соңында Азиз Қожамбетов екі боксшыны кәсіби рингте бақ сынап көруге шақырды.
«Ангелина Лукас Стамбулдағы әлем чемпионатына босқындар командасының атынан бақ сынады. Кейін мен Халықаралық бокс федерациясына хат жазып, мұның дұрыс еместігін айттым. Өйткені ол босқындар атынан сынға түсетіндей мұқтаж адам емес. Ол алғашқы кездесуде бразилиялыққа қарсы шықты. Сол кезде Бразилия бокс федерациясы да наразылық танытып, әлеуметтік желіде миллионнан аса жазылушысы бар, кәсіби бокста бақ сынап жүрген спортшының босқындар құрамасына қалай қабылданғанына таң қалған еді. Ангелина барлық кездесуден соң жанкүйерді осылай екіұдай ойға салып қояды. Екі қызымыз да кәсіби бокста сынға түседі. Ендеше олар өз мықтылықтарын кәсіби алаңда тағы бір дәлелдеп көрсін. Ангелина Лукас құлап жатса да, жеңілгенін ешқашан мойындамайды. Бірде ол Азия аймақтық лицензиялық турниріне қатысып, таиландтық боксшыдан жеңіліп қалды. Кейін мұнысын мойындамай, қарсыласына қыз емес, еркек болуы мүмкін деген күмәнмен шағым түсірді. Осыдан соң тексеру жүргізген мамандар таиландтық боксшының шын мәнінде әйел адам екенін растады», - деді Қожамбетов.