Halyq Uni логотип
×

21 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған Антикор офицеріне қатысты іс аяқталуға жақын

Нұрсұлтан Мұятов кінәсін толық мойындамайтынын айтып, бұрынғы басшыларына қатысты мәлімдеме жасады

 Айнұр Асылбекқызы 18.04.2022 | 13:38
21 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған Антикор офицеріне қатысты іс аяқталуға жақын
көрнекі фото: azattyq.org

Атырауда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 30 жастағы офицері Нұрсұлтан Мұятовқа қатысты сот ісі аяқталуға жақын. Сот процесі тараптардың жарыссөзіне көшті.

Еске салсақ, Антикор офицері былтыр 30 маусымда Атырауда 21 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Ұстау операциясын Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға арнайы келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері жүзеге асырды.

Антикордың жедел басқарма қызметкері «Самұрық-Қазына» компаниясының еншілес Атыраудағы бір компанияның басшысынан 30 миллион теңге талап еткен. Ақша талап ету себебі - компанияға қатысты департаментте тексеріліп жатқан қылмыстық іс бойынша басшысын қылмыстық жауаптылыққа тартпау.

Алғашында Н.Мұятовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 366-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы («Ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Тергеудің соңғы сатысында оның қылмыстық әрекеті қайта сараланып, сотқа жеткен.

Айыптау актісіне сәйкес, Мұятов лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыруға оқталған, лауазымды адамдарға аса ірі мөлшерде пара беруге айдап салған.

Қазір бұл қылмыстық іс сот тергеуінде Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 190-бабының  4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігі-367-бабының 4-бөлігі бойынша жүріп жатыр.

Соңғы сот отырыстарының бірінде Мұятовтың жергілікті кәсіпкер, іс бойынша арызданушымен  араларында болған әңгімелерінің аудиожазбалары тыңдалды - моншада және пәтерде жазылған екі түрлі аудиожазба. Моншада отырғанда кәсіпкер өзінің компаниясының үстінен ашылған қылмыстық істі сотқа дейін жеткізбес үшін Мұятовтан істі тергеп жатқан әріптесі үшін «кепілдік бола аласың ба?» деп сұрайды. Мұятов моншада кепілдік болатынына уәде береді. «21 млн» туралы әңгіме де аудиоға жазылған. Онда осы соманы дайындап қою жөнінде келісім жүреді.

Жәбірленушінің сотта берген жауабына сәйкес, офицер кездесуді үнемі түнгі уақытта, қалада видеобақылау камера жоқ жерлерде немесе моншада кездесуді белгілеген. Алғашқыда түнгі сағат 3-4 шамасында түнгі клубта отырған жеріне шақырып, Жайық өзені жағалауына апарып, жазба құрылғыларының бар-жоғын анықтау үшін үсті-басын тексеріп, телефонын көлікке тастап, компанияға қатысты істі жабу үшін 50 млн теңге сұраған. Содан кейін бір сағаттан соң кездесуді басқа жерге белгілеп, өзімен бірге әріптесін алып келген. Кездесу орны көпшілік жүретін жер немесе видеобақылау камерасы болуына байланысты офицерлер кездесуді қала сыртына белгілеп, Жайық жағасында бұл мәселені Нұр-Сұлтан қаласындағы басшылары шешетінін айтып, жәбірленушінің қарсылығына байланысты 30 млн теңгеге тоқтаған. Кейін моншада бұл сомаға жеткізе алмағанын айтып, 21 млн теңгеге келіскен.    

Сол уақытта компания басшысының үстінен жалған кәсіпкерлік бабымен қылмыстық іс тіркеліп, Антикорда тергеліп жатқан.   

Тергеудің бастапқы күнінен бері жауап беруден бас тартқан Мұятов сотта жауап беруге келісімін берді.

Судья Зарема Хамидуллинаның тағылған айыпты мойындайтыны-мойындамайтыны туралы сұрағына Мұятов толық мойындамайтынын, өзіне қатысты жәбірленуші және департамент басшылары тарапынан жасалған араңдатушылық екенін айтты.

Ол сотта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Қайрат Сүлейменов пен оның орынбасары Р.Жаудинге қатысты даулы мәлімдеме жасады.

Мұятовтың айтуынша, ол Жаудиннің қарамағында 2020 жылы жұмыс істеген. Кейін басқа бөлімге ауысып, былтыр еңбек демалысын алып, жұмысын Қызылордаға ауыстыруды жоспарлаған.  Алайда, Атыраудағы департамент үстінен қызметтік тексеріс ашып, ол кері жұмысқа шығуға мәжбүр етеді.

- Мен Жаудиннің қарамағында 2020 жылдың алты айында өз қызметімді жақсы атқардым. Бірнеше істі ашып, ең жақсы нәтиже көрсеттім. Ең үздік офицер болдым. Сосын оның бөлімін қысқартып, мен басқа бөлімге ауыстым. Содан кейін Р.Жаудинді арнайы бөлімге басшы етіп тағайындады. Сосын ол мені өзінің бөліміне ауысуға екі рет шақырды. Қылмыстық істі сотқа өткізіп, еңбек демалысыма кеттім. Былтыр алған екі тәртіптік жазаның біреуі жоспарды орындау қажет болғандықтан маған себепсіз бере салды, ал екіншісі еңбек демалысымда жүргенде мені жұмысқа шақырып, келмегенім үшін үстімнен қызметтік тексеріс ашқан, соның қорытындысын жабу үшін бере салды. Еңбек демалысынан келгеннен кейін Р.Жаудин менімен жақсы араласып жүрді.

Ал 2021 жылдың қаңтарында департамент басшысы болып Сүлейменов келді. Ол келе сала бәрімізге «я всех уволю, всех нагоняю, наказание беремін» деді. Қолында «дело» жоқтарына «наказание» берді. 

Мені 30 маусым күні ұстап, департаментке алып келген кезде Сүлейменов қызметтік бөлмесінде «вымогаешь взятку, кінәңді мойында» деді. Мен «ешкімнен ақша сұраған жоқпын, мойындамаймын» дедім. Сосын ол «сенде шанс болды, енді болмайды ондай, это твой последний шанс» деді. Ал Р.Жаудин «шешең ауру, құртамын, ойлан, Бахтеновке қарсы жауап бер» деді, - дейді Мұятов. 

Ол моншада жәбірленушімен кездескенін жоққа шығармады. Бұдан бөлек, ол сотта өзінің бұрынғы басшысы Г.Бахтенов жайында сөз етті.

«Р.Жаудинмен Г.Бахтенов арасында бұрыннан келе жатқан келіспеушілік бар. Бахтенов бұрын менің басшым болды, сосын ол Қызылорда қаласына ауысып кетті. Менің оған «полимер қалаға келіпті» деп смс хабарлама жазған себебім, жәбірленуші өзі маған қоймастан қоңырау шалып жатқанын айтқым келді. Жаудиннің Бахтеновке араздығы бар. Осы себепті ол жәбірленушіге арыз жаздырып, маған жала жауып отыр деп ойлаймын. Себебі, мен жәбірленушімен Жайық жағасында кездескен жоқпын, одан ақша талап еткен жоқпын», - деп жауап берді айыпталушы Мұятов.

Ал, сотта жауап алынға Р.Жаудин Мұятовтың сөздерімен келіспей, жоққа шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама