Спортшылардың жеке жаттықтырушылары да марапатталды
Таразда бокстан Өзбекстанда өткен әлем чемпионатының жүлдегерлері Асыланбек Шымбергенов пен Дулат Бекбауовқа құрмет көрсетілді.
Оларды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов әлем чемпионатындағы жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ ол боксшылардың жеке жаттықтырушылары – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков пен жаттықтырушы Ермек Ертаевтың еңбектерінің зор екенін айтып, құрмет көрсетті.
Кездесуде өңір басшысы боксшылардың ата-аналарына да алғыс айтып, әлем чемпионатының жүлдегері атанған перзенттеріне Тараз қаласынан пәтер берілетінін жеткізді
Осы жерде облыс әкімі әлем чемпионы Асыланбек Шымбергеновке – үш бөлмелі, Дулат Бекбауовқа екі бөлмелі пәтердің кілттерін табыс етті. Одан кейін Шымбергеновтің жеке жаттықтырушысы Ермек Ертаевқа 5 млн теңгенің, Бекбауовтың жеке жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке 3 млн теңгенің сертификаттарын тапсырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан мен оның жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековке сый-сыяпат жасағанын жазған болатынбыз.