Оның жеке жаттықтырушысына 5 млн теңгенің сертификаты табыс етілді
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан мен оның жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековпен кездесіп, сый-сыяпат көрсетті.
Айта кетсек, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен әлем чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Осы додада ол құраманың қоржынына екінші алтын жүлдені салды. Ол 1/32 финалдан бастап, Куба, Гана, Үндістан мен Венгрия спортшыларын аса қиналмай ұтып, финалда шаршы алаң иесі Айбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберді.
Кездесуде Шымкенттің әкімі спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын құттықтап, алдағы Азия және Олимпиялық ойындарда сәттілік тіледі. Осы жерде ол боксшыға элиталық Tengri тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін, ал жаттықтырушыға 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті.