ЕАЭО елдерінің азаматтары қазақстандық банктерден 120 млрд теңге несие алған
Бүгінде мемлекеттер арасында несие мәліметін алмасу тәртібі айқындалмаған
Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Келісім несие тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Депутат Сергей Карплюктің айтуынша, бүгінде ЕАЭО елдеріндегі кез келген резидент (жеке немесе заңды тұлғалар) Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы банктерден несие алуға құқылы.
Ұлттық банк мәліметінше, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша ЕАЭО-ның басқа елдерінің 2 мыңға жуық жеке және 42 заңды тұлғасы Қазақстан банктерінен 120 млрд теңгеге жуық несие алған. Алайда ЕАЭО елдері ішінде несие бойынша мәліметтермен алмасу тәртібі шешілмеген. Осы орайда аталған құжат бұл саладағы мәселелерді шешуге ықпал етеді, - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.