×

«Тізімде қайтыс болғандар да жүр». Әділет министрі жаңа партияларды тіркеу туралы айтты

Қанат Мусин «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек» партияларын тіркеу бойынша ақпарат берді

 Ербол Тұрымбет 18.04.2022 | 13:00
көрекі фото: esquire.kz, Алматыдағы утилизация алымына қарсы митинг

Қазақстанда 2019 жылдан бері 10 бастамашыл топ саяси партия құруға құжат тапсырған. Бірақ соның біреуі ғана жұмысын жалғастырып жатыр. Оны Әділет министрі Қанат Мусин бүгінгі брифингте айтты.

Министрдің айтуынша, өтініш берген төрт партияның үшеуі бірінші кезеңнен өткен. Ол үшеудің екеуі бірінші кезеңнен өткендігі туралы хабарламаны алғаннан кейін одан ары қарайғы партияны құру шараларын жүргізбеген. Сондықтан одан ары партияны тіркеуге керекті құжаттарын бермеген.

«Жалпы осы күнге дейін барлығы 4 өтініш қаралып жатыр. Оның ішінде «Халық дербестігі» екінші кезеңге өтіп, съезд өткізді. Одан соң 20 мың мүшесі барын растау керек. Қазір тіркелу мерзімі заңға сәйкес тоқтатылып, партия мүшелері тексеріліп жатыр», - дейді министр.

Оның сөзінше, қалған «Ел тірегі», «Намыс», «Бәйтерек» партиялары бойынша бірінші кезеңнің шаралары өтіп жатыр. Олар партия құру туралы ниетін білдіргеннен кейін тиісті тексеру басталған.

«Жалпы бастамашыл топ мүшелерінің саны мыңнан кем болмауға тиіс. Алайда олардың арасында ЖСН нөмірі қате көрсетілген немесе аты-жөніне сай келмейтін азаматтар көрсетілген. Тіпті қайтыс болғандар да жүр. Сондай-ақ, басқа да партия мүшелері бар. Заң бойынша адам бір ғана партияда болуы керек. Сондықтан саны кеміп қалады. Дегенмен осы кемшіліктің бәрі түзетілгеннен кейін партиялар қайтадан өтініш бере алады», деді Әділет министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама