×

Құлсары қаласында екі сағатқа созылған бейбіт митинг өтті

Олар ТШО-дан жұмыссыздық мәселесін толық шешуді, жалақы теңсіздігін жоюды талап етті

 Айнұр Асылбекқызы 18.04.2022 | 10:10
фото: Halyq Uni

Бүгін, 16 сәуір күні Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында экологиялық тақырыпқа арналған екі сағаттық рұқсат етілген бейбіт митинг өтті. Оған шамамен жүз адам қатысты. Экологиялық белсенділер жиналған халықты талабын ашық айтуға шақырды. Олар ауданда жұмыс істеп тұрған ТШО компаниясының экологияны бүлдіріп жатқанын мойындамай отырғанын айтып, мұнымен еш келіспейтінін жеткізді.

Астанадан келген эко-белсенді Азаматхан Әміртай Жылыойдың біраз ауылын аралап, экологияның нашарлағаны анық сезілетінін жеткізді.

Мұнда келгенде басым ауырады, дәрі ішемін, біраздан соң басылады. Ауырса қайта дәрі ішемін. Бұл созылмалы ауруға алып келеді. Біз ТШО-ға талабымызды айтуымыз керек, - деді ол.

Оның айтуынша, ТШО ауа сапасын бақылайтын құрылғыларды ауданның әр аймағына қондыру керек және оның көрсеткішін әр тұрғын көріп, тексере алатындай болуы керек. Одан бөлек, ол экологияны жақсарту үшін өңірге 100 млн ағаш отырғызу керектігін айтты. Жергілікті эко-белсенділер ауданда ауру көрсеткіші артқанын атап өтті. Олар ТШО-дан ауаны ластаушы зиянды заттарды азайтып, жұмыссыздық мәселесін толық шешуді, жалақы теңсіздігін жоюды талап етті.

Сонымен қатар, ТШО-ны ESG (Экологиялық, әлеуметтік және басқару критерийлері) талаптарын сақтауға шақырды. Жиналған жұртшылық «Ұрпаққа таза ауа», «ТШО халықтың үніне құлақ сал», «Жаңа Қазақстан Жылыойдан басталады», «ТШО, париждік ESG келісімді орында» деген сынды жазулары бар плакаттар ұстап тұрды.

Құлсары қаласында өткен бейбіт митингтен соң ТШО баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

Хабарлауынша, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон және Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов Құлсары қаласының тұрғындарымен кездескен.  

Кездесу барысында ТШО өзінің қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштеріне қатысты тұрғындардың сұрағына жауап берді. ТШО 2000 жылдан бері ауаға шығарылатын жалпы шығарындыларды азайту және ауа шығарындыларының қарқындылығын 65%-ға төмендету үшін шамамен 3,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Сондай-ақ, канализация-тазарту және су тазарту  қондырғыларын салған. Қазір Теңіз кен орнындағы су қорлары тазартылып, оның 46 пайызы қайта пайдаланылып жатыр екен. Былтыр ТШО Атырау облысының әкімдігімен Құлсарыда 50 гектар жерге ағаш отырғызу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жыл соңына дейін алғашқы 15 гектар жерге 9 мың түп көшет отырғызылатын болса, оның 50-ін Құлсары қаласының жегілікті тұрғындары Халел Жамаловпен және Кевин Лайонмен бірге кездесуге дейін отырғызған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама