Судья оның жүкті екенін ескерді
Қостанай облысында Antares қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға сот үкімі шықты, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Бұл деректі ҚМА Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкерлері анықтады.
2021 жылы сотталушы Antares қаржы (инвестициялық) пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің қызметін басқарған әрі қазақстандықтарды шетел валютасымен қолма-қол ақша салуға тартып, күнде тұрақты пайда табасыз деп жалған ақпарат таратқан. Осылайша, ол 33 жәбірленушіні алдап, шамамен 50 млн теңге залал келтірген, - деп жазылған хабарламада.
Соттың үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушының жүкті екені, 3 баласы бары ескеріліп, жазасын 5 жылдан кейін өтейтін болды.