Павлодарда тротуарда джиппен жүрген жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)
Биыл өңірде осылай жол ережесін бұзған 56 жүргізуші заң алында жауап берген
Павлодарда жол ережесін бұзған 39 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жүргізушінің Toyota көлігімен тротуарда жүргенін анықтады. Осылайша, бұл дерек бойынша тексеріс жүргізілген.
Жүргізуші 15 мамырда Толстой-Нұркин көшелерінің қиылысында көлікті басқарып, тротуар бойымен жүрген. Осылайша, жол жүру ережесінің 9.9-тармағын бұзған күдікті анықталды.
Жүргізушіге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде (51 750 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Максим Қостанов.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысында жол ережесін бұзып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен немесе тротуарлармен жүргені үшін 56 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.